ҚЫЗЫЛОРДА, 07 қаңтар. Қызылордалық полицейлер 2020 жылы заңсыз айналымнан 350 келіге жуық есірткі тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылдың 12 айында облыс көлемінде Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне есірткінің заңсыз айналымына байланысты 386 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, оның 20-сы есірткі сату, 14-і есірткіні аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау және 75-і құрамында заңмен тыйым салынған есірткі бар өсімдіктерді егу дерегі болып табылады.
Сонымен қатар ҚР ҚК-нің 296-бабымен (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) көзделген қылмыстық теріс қылықтың 276 дерегі анықталған.
Заңсыз айналымнан барлығы 350 келіге жуық есірткі алынды.
Нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы алдын алу жұмыстарын тұрақты түрде өткізіп отырады.
Өткен жылы облыс көлемінде бұл бағытта 328 іс-шара өткізілді, оның ішінде 9 акция, 96 лекция, 8 дөңгелек үстел, 24 кездесу, 9 спорттық іс-шара, 166 онлайн-сайыс бар. Іс-шаралардың 147-сі үкіметтік емес ұйымдармен, 185-сі мектеп инспекторларымен, ал 15-сі жоғары және арнаулы орта оқу орындарымен бірігіп ұйымдастырылды. Ұйымдастырылған іс-шараларға 44 мыңға жуық адам қатысты.
Қызылорда облысының Полиция департаменті есірткі сату және басқа да есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жайлы хабарламаларды қабылдау үшін 27-55-42 сенім телефоны жұмыс істейтінін еске салады.