ТҮРКІСТАН, 12 қаңтар. Көлік жуу орнында есірткі сатқан ер азамат бес жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне белгісіз азамат қоңырау шалып жергілікті тұрғынның есірткі сатумен айналысатыны туралы хабарлайды. Хабарламаны алған полицейлер бірден аталған жайтты тексеруге кіріседі. Күдіктіні қылмыс үстінде ұстау үшін қажетті шаралардың барлығын атқарады. Осылайша іске асырылған жұмыстардың нәтижесінде полицейлер күдіктінің көлік жуу орнының жұмысшысы екенін, сонымен қатар ер азаматтың екі сіріңке қорабына есірткі тектес затты салып, басқа адамға жасырын түрде сатқанын анықтайды. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабымен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) тергеп-тексеру амалдары жүргізіледі. Автожуу орнынан айғақты заттар тәркіленіп, сараптамаға жолданды. Сараптаманың қорытындысына сәйкес тәркіленген заттың 6 грамнан астам кептірілген марихуана екендігі анықталды. Осыдан соң ұсталған азамат қамауға алынып, тергеушілермен тергеу істері жүргізілді.
Ауданның тергеушісі Жайық Айғазиев болған жайттың ақ-қарасын ажырата отырып, тергеуді жоғары деңгейде жүргізеді. Есірткі сатқан жергілікті тұрғыннан жауап алу секілді бірқатар жұмыстарды жүргізді. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, іс сотқа жолданды.
Осылайша көп ұзамай сот өз шешімін шығарып, күдікті ер азаматты ҚР ҚК-нің 297-бабындағы қылмысты жасады деген айыппен бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Түркістан облысының полицейлері есірткіні заңсыз сақтағанға және таратқанға ҚР Қылмыстық кодексінде қылмыстық жауапкершіліктің қарастырылғанын ескертеді.