НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар. Сәрсенбі күні Ауғанстанның батысындағы Герат қаласында белгісіз содырлар әскери көлікке оқ жаудырды, оқиға орнында үш адам қаза тапты. Бұл туралы полицияға сілтеме жасап Синьхуа агенттігі хабарлады.
«Жергілікті уақыт бойынша сағат 07: 00-де екі белгісіз қарулы содыр Герат қаласында әскери көлікке оқ жаудырды, оқиға орнында үш әскери қаза тапты, оның ішінде бір офицер мен екі сарбаз бар», — деді жергілікті полиция өкілі Абдул Ахад Уализада.
Шабуылшылар атыстан кейін оқиға орнынан қашып кетті.
Сонымен бірге, аты-жөнін атамауды сұраған дереккөз шабуылда төрт қауіпсіздік қызметкері де жараланғанын айтты.
Ауғанстан қорғаныс министрлігі бұл ақпаратқа қатысты әлі түсініктеме берген жоқ. Ешқандай ұйым немесе адам бұл қанды шабуыл үшін жауапкершілікті мойнына алған жоқ.