НҰР-СҰЛТАН, 31 қаңтар. Жамбылдық полицейлер ірі көлемде гашиш тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жамбыл облысында Есірткі қылмысына қарсы іс – қимыл басқармасының қызметкерлері Шу-Қордай автожолында Алматы қаласының 43 жастағы тұрғынының басқаруындағы «Шевролет» маркалы көлігін тоқтатқан. Көлікті тексеру кезінде капоттың астынан скотчпен оралған үш түйіншек табылды, оның ішінде жалпы салмағы 1 келі 880 грамм «гашиш» есірткі заты болған.
«Ұсталған азамат кінәсін мойындап, Шу ауданының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігі (Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалы басталды. Аталған қылмысты жасағаны үшін үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», – деп хабарлайды облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.