НҰР-СҰЛТАН, 01 ақпан. Елордада арнаулы операция барысында қалаға тұрақты есірткі затын жеткізіп отырған арна жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұр-Сұлтан қаласына есірткі жеткізу арнасының жолын кесуге бағытталған, нақты жоспарланған іс-шара барысында 37 жастағы Жамбыл облысының тумасы ұсталып, одан Калашников автоматы мен оның 2 магазині, 50-ге жуық оғы тәркіленді. Сараптама тағайындалды. Ұсталған күдіктінің тұрғын үй жайын тінту барысында 3 полиэтилен пакеттегі және өлшеніп 5 түйіршікке салынған марихуана, 7 млн 440 мың теңге табылды. Тәркіленген есірткі затының жалпы салмағы 3 келіні құрайды және қара нарықтағы құны шамамен 6 млн теңгеге жуықтайды», — делінген Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің ақпаратында.
Күдікті ірі көлемде есірті затын заңсыз сақтағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-тармағымен 3-тен 7 жылға дейін, ал ҚР ҚК 287-бабы 3 тармағымен қару-жарақты заңсыз ұстағаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ұсталған азамат Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің уақытша оқшаулағышына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.