ӨСКЕМЕН, 10 ақпан. Өскеменде психотроптық заттарды жеткізуші-курьер болып жұмыс істеуге келген 37 жастағы алматылыққа қатысты қылмыстық іс аяқталды, деп oqu.news хабарлайды.
“Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қылмыскер жалға алған пәтерден құны екі миллион теңгеден асатын, “Скорость” деп аталатын есірткі затын тапты. Операция барысында тәртіп сақшылары психотроптық заттар мен орауға және өлшеуге арналған құралдарды тәркіледі. Ұсталғаннан кейін күдікті дереу қамауға алынды”, – деді ШҚО ПД басшысы Сағат Мәдиев.
Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ер адамды ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша деп танып, қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеге, 10 жылға бас бостандығынан айырды.
Айта кетейік, 2020 жылы Шығыс Қазақстан облысында синтетикалық заттардың заңсыз айналымына байланысты 50 қылмыс тіркелген, оның 41 фактісі өткізу мақсатында және 9 фактісі аса ірі көлемде сақталған. Соңғы бір жыл ішінде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 5 кг астам синтетикалық психотроптық заттарды тәркіледі.