НҰР-СҰЛТАН, 07 наурыз. Ауғанстанның солтүстігіндегі Балх провинциясында «Талибан» қозғалысы содырларының қарулы шабуылы салдарынан сегіз полиция қызметкері қаза тапты, деп Анадолу агенттігі хабарлайды.
Балх полиция басқармасының өкілі Адилшах Адилдің «Aнадолу» агенттігіне берген мәліметіне сәйкес, тәлібтер Нахри-Шахи аймағындағы Шахрак Түркмания ауылындағы полиция бөлімшесіне қарулы шабуыл жасады.
Шабуыл салдарынан сегіз полиция қызметкері қаза тауып, төртеуі жарақат алды. Тәлібтермен болған атыста бес содыр өлтіріліп, жетеуі жараланды.
Өз кезегінде «Талибан» қозғалысы 12 тәртіп сақшысының өлімі туралы мәлімдейді.
Бір күн бұрын Балх провинциясының Чимтал ауданындағы әскери бақылау бекетіне «Талибанның» қарулы содырлары шабуыл жасады, жеті әскери қызметкер қаза тапты.
Ауғанстандағы зорлық-зомбылық әрекеттерді тоқтатуға бағытталған ауғанаралық келіссөздердің екінші кезеңі Катар астанасы Дохада жалғасуда.
Доха келіссөздеріндегі Ауғанстан үкіметінің басымдығы — зорлық-зомбылықты және атысты тоқтату. Тәлібтер үшін өтпелі үкіметті құру басым мәселе болып табылады, онда «Талибан» қозғалысы да ұсынылатын болады.