НҰР-СҰЛТАН, 22 наурыз.Малимен шекаралас Нигер ауылдарына жасалған шабуылдардан кем дегенде 30 бейбіт тұрғын қаза тапты. Бұл туралы Нигердің қауіпсіздік күштеріндегі дереккөздеріне сілтеме жасап Анадолу агенттігі хабарлайды .
Мәліметтерге сәйкес, бір күн бұрын белгісіз адамдар елдің солтүстік-батысындағы Тахуа аймағындағы ауылдарға шабуыл жасаған. Салдарынан кем дегенде 30 адам қаза болды.
Әзірге бірде-бір ұйым бұл шабуылдар үшін жауапкершілікті өз мойнына алған жоқ.
Өткен аптада Малимен шекаралас Тиллабери аймағында автобусқа жасалған шабуыл 58 адамның өмірін қиып, Нигерде үш күндік аза жарияланған.