НҰР-СҰЛТАН, 22 наурыз. Нигерияның солтүстік-шығысында «Боко Харам» террористік тобының исламистері Камерунның кем дегенде екі сарбазын өлтірді. Бұл туралы Нигерияның Vanguard газетіне сілтеме жасап ТАСС жазады .
«Содырлардың отряды 20 наурыз күні кешке Вулго орман алқабындағы армия лагеріне шабуыл жасады», — деді ақпарат көзі. — Бір сағатқа созылған атыс кезінде Камерун қорғаныс күштерінің екі сарбазы қаза тапты, тағы үшеуі жарақат алды. Нигерия Қарулы Күштерінің жауынгері де жарақат алды».
Нигерия мен Камерунның бөлімшелері Чад көлінің оңтүстік-батысындағы шекара аймағында бірлескен операция жүргізді. Нигерияда орналасқан Вулго орман алқабы — бұл «Боко Харам» лаңкестері ішкі және көрші мемлекеттерге шабуыл жасайтын базалар құрған жер.
«Боко Харам» тобы Нигерияның солтүстік-шығысында 2002 жылы құрылды, оның тарихи негізі — Борно штаты. Бұл топ осы африкалық елде билікті басып алуға бет бұрды. 2009 жылдан бастап «Боко Харам» Нигерия армиясынан бірқатар ірі жеңілістерге ұшырап, белсенді террористік әрекеттерге көшті. 2015 жылдың көктемінде «Боко Харам» жікке бөлініп, кейін «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған ИМ) террористік ұйымына қосылған «Батыс Африкадағы Ислам мемлекеті» террористік тобы бөлініп шықты. «Боко Харамның» негізгі базалары Нигерия, Камерун, Нигер және Чад шекаралары тоғысқан Чад көлінің оңтүстік және батыс жағалауында орналасқан.