НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз.Елімізде 2019 жылдан бастап Таяу Шығыстағы соғыстан қазақстандықтарды қайтару бойынша «Жусан» гуманитарлық операциясы жүргізіліп келеді. Ресми деректерге сүйенсек, елге оралған азаматтардың басым бөлігі – әйелдер мен балалар.
Солардың бірі – 29 жастағы Атырау өңірінің тумасы Ләззат (кейіпкердің өтінішімен есімі өзгертілді). Ол жат өлкеде өткен 5 жылдық өмірі мен елге қайтқаннан кейін орын алған өзгерістер жайлы kazislam.kz порталына сұхбат берді.
«2012 жылы Египетте алты ай араб тілін оқып келдім. Содан 2013 жылы Сирияға кеттім. Оның алдында сол жаққа ағам аттанған. Сирияға баруға ағам үгіттеген жоқ. Тіпті оның кетіп қалғанын басында білген жоқпын, кейін барып естідім. Көбінше сол жақ туралы қыздардан естіп, барар жолды қыздар арқылы білдім. Сирия туралы ақпаратты интернет арқылы көргенмін. Ислам діні, шариғат заңдары іске асатын мемлекет жағынан көрдім», – деп Ләззат әңгімесін бастады.
Айтуынша, бастапқы жылдары тұрмыс жағдайы салыстырмалы түрде жақсы болған, кейіннен ол мекен қызу соғыс майданына айналып, өмір сүру қиындаған.
«Барғаннан кейін аса қиыншылық болған жоқ, ақшалай да көмек көрсетілді. Екі жылдан кейін бомбалау оқиғалары бастады, ол жақ қызу соғыс аймағына айналды. Қиын өмірді сол кезде көре бастадық.
Бірақ қайтып кетуге мүмкіндік болмады. Себебі, кейбір кетеміз деген адамдарды өлім жазасына кесіп жатса, кейбірі жоғала бастады. Ол жақта жүргенде бізді: «Сендер шекарадан өтіп кетсеңдер, балаларыңды қорлайды, әйелдерді зорлайды», – деп қорқытатын. Қасыңдағы адамға да мен еліме кеткім келеді деп айта алмайсың, өйткені бір-бірімізге деген сенім жоқ, қорқасың», – дейді ол.
Көп ұзамай Ләззат ағасының келісімімен қазақстандық азаматпен некеге тұрып, балалы болады.
«Сол уақытта Раққада тұрдым. Ол кезде бір қалада тұра алмайсың, жан-жақта жүресің. 2018 жылы балам бір жарым жас кезінде күйеуім екеуміздің арамызда келіспеушіліктер болып, онымен ажырасып кеттім. Содан баламмен қалып, ары қарай жолды іздей бастадым», – деп сөзін жалғады Ләззат.
Оның сөзінше, ол уақытта күрдтер шекарасынан өзге ұлт азаматтары сирек жіберілетін.
«Мен жол іздеп жүргенде бір арабты кездестірдім, содан қалай шығуға болатынын сұрастырдым. Ақыр соңында ертесіне солармен бірге жолға шықтым, бірақ солардың ішінде басқа ел азаматтарынан тек мен болдым.
Арабтарды шекарадан өткізіп жатты, солармен қосылып шығып кеттім. Шекарадан өткеннен кейін күрдтердің жеріне келдік. Сонда олар кім қай жақтан келгенін сұрады, сол кезде өзімнің Қазақстаннан екенімді айттым», – деді ол.
Ләззат баласымен бірге әл-Хол лагеріне жіберіліп, сол жақта «Жусан» операциясы болатынын естіген.
«Лагерьде жағдай кішкене дұрыстау болды, ана жақтағы өмірге қарағанда тамақ берілетін. Бір күні «қазақтар келіп, өз адамдарын алып кетіп жатыр» деген хабарды естідім. Бірден өзім барып тізімге жазылдым», – деді Ләззат.
2019 жылдың мамырында Ляззат баласымен бірге «Жусан-2» операциясымен елге оралады.
«Елге келгенде қуанышымда шек жоқ еді. Кеудемде ерекше бір сезім болды, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», – деген мақалдың мәнін сол кезде анық түсіндім. Елге оралғанда барлығының қадірін білесің.
Ақтауға келгенде барлығымызды жылы қарсы алды. Сол кезде оңалту жұмыстары, әлеуметтік көмек берілді, тіпті қазірге дейін сол жұмыс жүруде. Бұрынғы өмірге қарап өзім шүкіршілік етем», – дейді Ләззат.
Қазір Ләззат өңірлік дін істері басқармасына қарасты орталықта қызмет жасайды.
«Келгенде аса қиындық туған жоқ. Себебі, жақындарымның қолдауы, ата-анам мен туған-туыстарымның қамқорлығы күш берді. Егер қасыңда жүрген адамдардың қолдауы болса, ары қарай ортаға сіңіп кете аласың. Сол жерде жүргенде өзім көрген бейбіт өмірді балам көрсе деп тілейтінмін.
Шүкір, Отанымызға оралып, бейбіт өмірді, нағыз өзіміздің жеріміздің қандай екенін көрсеттім. Елімізге қайта алып келген мемлекетімізге Алла разы болсын. Соған өте қуаныштымын. Әр кезде өз еліннің қадірін білу қажет», – деп сөзін түйіндеді кейіпкеріміз.