НҰР-СҰЛТАН, 05 сәуір.Ауғанстан қауіпсіздік күштері елдің оңтүстігіндегі Кандагар провинциясында кем дегенде 75 «Талибан» қозғалысының содырын өлтірді. Бұл туралы Aнадолу агенттігі Ауғанстан қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды .
Арнайы операцияның нәтижесінде әскери күштер Кандагарда Арғандаб аймағында бақылау орнатты.
Кандагар полиция басқармасының хабарлауынша, топтың бірнеше басты командирі өлтірілген.
Қорғаныс министрлігі операциялар Забул, Кунар, Нангархар және Тахар провинцияларында да жүргізілгенін қоса айтты.
«Талибан» қозғалысының өкілдері (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) кек қайтару әрекеттері туралы ескертті. Сондай-ақ, топ елдің астанасы Кабулда Ауғанстан қауіпсіздік күштерінің қызметкерлерінің өлтірілгені туралы хабарлады.
АҚШ президенті Джо Байден американдық әскерлерді елден шығаруды кешіктіруге жол бергеннен кейін Ауғанстандағы зорлық-зомбылықтың жаңа кезеңі туралы қорқыныш күшейе түсті.
Шетелдік әскерлер Ауғанстанда 2001 жылдан бері жүр. 2020 жылдың ақпанында Катарда АҚШ пен «Талибан» арасында жасалған келісімге сәйкес, АҚШ әскери күштері мамыр айына дейін Ауғанстаннан толықтай кетуі керек. Ауғанстанда шамамен 2500 АҚШ әскері әлі де қалып отыр.