ПЕТРОПАВЛ, 08 сәуір. Үш айдың ішінде СҚО полицейлері бір келіден астам синтетикалық есірткі тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бірінші тоқсанда атқарылған жұмыстарға қорытынды жасады. Басқарма өз жұмысында синтетикалық есірткілерге қарсы күреске баса назар аударады.
Синтетикалық есірткілер келтіретін залалы бойынша басқа есірткі түрлерінен аса қауіпті. Бұдан бөлек, есірткі саудасы заманауи технологиялар арқылы байланыссыз жүзеге асырылады. Есірткі саудасының жаңа түрлеріне қарсы іс-қимыл – басымды жұмыс бағыттарының бірі. Жыл басынан облыста заңсыз есірткі айналымына күдікті 29 адам ұсталды. Оның жетеуі синтетикалық есірткілердің өндірісін ұйымдастырғаны үшін, үшеуі тыйым салынған заттарды сататын интернет-дүкендердің қызметін ұйымдастырғаны үшін құрықталды. Бұдан бөлек, екі адам есірткіні жасырын орынға салып кеткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мәселен, ақпан айының ортасында жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде аса ірі көлемдегі заңсыз есірткі айналымына күдікті Ақмола облысының 19 жастағы тұрғыны ұсталды. Жігіттің көрсетуі бойынша жасырған 30 орыннан кристалл тәріздес затпен жалпы салмағы 41,49 гр. полимерлік түйіншектер алынды. Сондай-ақ, тұрғылықты жерінен 23 түйіншекте 82,15 гр. ұқсас зат тәркіленді.
– Сараптамалардың нәтижелері бойынша салмағы 78 және 44 граммды құраған заттар сәйкесінше “тұз” және “мефедрон” болып шықты, – деді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев. – Аталған салмақтар аса ірі көлемге жатады. Петропавл қ. бұрын келген Көкшетау қ. оқу орындарының бірінде оқитын студент жедел уәкілдердің назарына ілікті және қылмыс үстінде ұсталған болатын. Әлеуметтік желілерде адамдар полицейлерден есірткі таратушы болуы мүмкін тұлғалардың белсенді әрекеттерін байқаған кезде жасалатын қажетті амалдар туралы сұрап жатады. “102” арнасына немесе басқарманың 39-41-93 сенім телефонына хабарласуға болады. 2018 жылдан СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасында WhatsApp мессенджеріндегі +7-707-500-96-65 нөмірінде чат жұмыс істейді. Instagram, Facebook, ВКонтакте әлеуметтік желілерінде upn_dp_sko аккаунтары бар, парақшалардан пайдалы ақпарат алуға немесе хабарлама қалдыруға болады. Басқарма жұмысында жедел қызығушылық тудырған кез-келген ақпарат маңызды.
Үш айдың ішінде СҚО есірткіге қарсы күрескерлері заңсыз айналымнан 25,5 кг түрлі есірткі тәркіледі, оның бір келіден астамы синтетикалық есірткі.