ТАРАЗ, 15 сәуір. Тараз тұрғынынан героин есірткі заты тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 10 сәуірінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі затын тасымалдаған ер адамды ұстады.
“Ақшолақ” ауылының маңындағы автожолда жолаушысы бар 48 жастағы Тараз қаласы тұрғынының басқаруындағы “Мерседес-Бенц” маркалы автокөлігі тоқтатылды. Көлікті тінту барысында жолаушы отыратын жағындағы есігінде орналасқан темекі тұтатқыштан жалпы салмағы 1,73 гр болатын “героин” есірткі затының бес целлофан қалтасы табылып, тәркіленді.
– Ұсталған азамат кінәсін толық мойындап, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі (Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, оған үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылады, – деп атап көрсетті Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Дінмұхамбет Қойториев.