КӨКШЕТАУ, 11 мамыр. Степногор қаласында жарылыс қаупі туралы жалған хабар берген ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, мамырдың 10-да сағат 13:00 Степногор қалалық ПБ кезекші бөліміне ұялы телефоннан ер адам хабарласып, 5-шағынауданда жарылғыш зат қойылғанын айтқан.
Тексеру барысында тәртіп сақшылары ешқандай бомбаны таппады.
«Жедел-іздестіру шарасы барысында полиция қызметкерлері 29 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ол 2019 жылы да осындай қылмысы үшін жауапқа тартылған» деді ведомстводан.
Қазіргі кезде күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің 273-бабы («Терроризм туралы көрінеу жалған хабарлау») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Күдікті қамауға алынды. Тергеу шаралары жалғасып жатыр.