НҰР-СҰЛТАН, 30 мамыр. Ауғанстанның солтүстігіндегі Парван провинциясында Әл-Бируни университетінің оқытушылары мен студенттерін отырған автобус жарылысы салдарынан кем дегенде төрт адам қаза болды. Тағы 11 адам жарақат алды.Бұл туралы Анадолу агенттігі хабарлайды.
Ауғанстан Ішкі істер министрлігінің өкілі Тарик Арианның айтуынша, оқиға Чарикар қаласында болған.
Оның айтуынша, жарылғыш зат жол жиегіне орнатылып, көлік өтіп бара жатқан кезде іске қосылған.
Зардап шеккендер ауруханаға жатқызылды, олардың үшеуінің жағдайы ауыр деп бағаланады.
Әзірге шабуыл үшін жауапкершілікті ешкім мойнына алған жоқ.
Бұған дейін наурыз айында Ауғанстанның солтүстігіндегі Бағлан провинциясында университет оқытушылары мен студенттері мінген микроавтобусқа қарулы шабуыл жасалған болатын. Сол кезде екі адам қаза болды.