ТҮРКІСТАН, 28 маусым.Түркістан облысында жыл басынан бері заңсыз айналымнан 43 келіден астам есірткі заттары алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаментінде әр аптаның жұма күні брифинг өткізіледі. Аталған іс-шара ПД-ның Instagram және Facebook ресми парақшаларында тікелей эфир арқылы жүзеге асырылады. Бұл аптадағы брифингте “Халықаралық нашақорлықпен күрес күні. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы” айтылды. Ал спикер ретінде Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Алтынбек Әмірбеков қатысты.
» Әлем дертіне айналған қылмыстың осы түрімен күресте департаменттің салалық қызметкерлерімен бірге, аудандық полиция бөліністерімен жыл басынан бері біршама жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде есірткіге қатысты 103 қылмыс, 97 есірткі теріс қылықтары және 12 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде есірткі сату қылмысы 43, аса ірі көлемде есірткі затын сақтау 9, есірткі контрабандасы 21, есірткі затын насихаттау және заңсыз жарнамалау бойынша 1 дерек, есірткі өсімдігін егудің 35 дерегі және улы заттардың заңсыз айналымы бойынша 2 дерек анықталған. Заңсыз айналымнан 43 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Сондай-ақ 150 граффити жазбалары өшірілген. Қылмыстың кез-келген түрімен күрестің ең тиімді тәсілі ол – алдын алу, яғни профилактика. Осы бағытта тиісті мекемелермен бірлесіп, рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өткізудеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар күн тәртібінен түспек емес», – деп атап өтті Алтынбек Әмірбеков .
Сондай-ақ, брифинг барысында әлеуметтік желі қолданушылары белсенділік танытып, 10-ға жуық сауалдарын жолдады. Бұл сұрақтарға полиция полковнигі дер кезінде жауап берді. Ал, тікелей эфирді 100-ге жуық қолданушы қараған.