ТАРАЗ, 30 маусым. Аса ірі мөлшерде есірткі затын заңсыз сақтаған тараздық құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың 25 маусымында “Қарасора” кең ауқымды іс-шарасын өткізу барысында Тараз қаласының Полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлерімен Тараз қаласының 22 жасар тұрғыны ұсталды. Ер адамның Тараз қаласының “Самал” мөлтекауданындағы жалдамалы пәтеріне тінту жүргізу барысында сот-химиялық сараптамасының қортындысына сәйкес, жалпы салмағы бір келі 740 гр құрайтын “кептірілген марихуана” есірткі заты табылып, тәркіленді.
Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі, яғни аса ірі мөлшердегі есірткіні заңсыз сақтау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Осы қылмысты жасағаны үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген. Күдікті кінәсін мойындап, Тараз қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Тәркіленген “кептірілген марихуана” есірткі затының қара нарықтағы құны 95 мың теңгені құрайды.