НҰР-СҰЛТАН, 07 тамыз.Тәліптер Нимроз провинциясының орталығы Зарандж қаласын басып алды. Бұл туралы Ассошиэйтед Пресс-ке сілтеме жасап 24.kz хабарлайды.
Бірақ ақпарат әлі ресми түрде расталған жоқ. Билік өкілдерінің айтуынша, Зарандж қаласы үшін ұрыс әлі де жүріп жатыр.
Ауғанстан қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, әуеден жасалған соққы кезінде 14 содыр мерт болған.
Айта кетейік, «Талибан» қозғалысының шабуылы АҚШ әскерін Ауғанстаннан алып кете бастағаннан бері қарқын алды. Түрлі мәліметке қарағанда қазір тәліптер ауған жерінің 50-80 процентін өз бақылауында ұстап отыр.
«Нимроз орталығы тәліптердің бақылауында. Олар бәрін басып алды. Жергілікті әкімшілік те, полиция бөлімшесі мен басқа нысандар да солардың қолында. Мұндай жағдай аймақтағы үкімет әскерінің жеткілікті деңгейде болмауынан туды деп ойлаймын», — деп Нимроз провинциясы кеңесінің басшысы Баз Мұхамед Насыр айтады.