НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз. Бүгін Үндістан бақылауындағы Кашмирдің тынышсыз аумағында граната жарылуынан бес бейбіт тұрғын жараланды, деп жергілікті полицияға сілтеме жасап Синьхуа агенттігі хабарлайды.
Граната Үндістан бақылауындағы Кашмирдің жазғы астанасы Шринагар қаласындағы Үндістанның Орталық резервтік полиция күштерінің (CRPF) мүшелеріне бағытталып лақтырылды.
Полицияның хабарлауынша, граната нысанаға жетпей, жолға құлап, бейбіт тұрғындарды жарақаттады.
«Бүгін Хари Сингх Хай Стрит базарында содырлар CRPF жауынгерлер тобына граната лақтырды. Жарылыс салдарынан бес жаяу жүргінші жараланды», — деді Шринагар полиция қызметкері. Олардың барлығы жарқыншақ тиіп жарақат алды, дереу ауруханаға жеткізілді, деп қосты ол.
Куәгерлердің айтуынша бұл шабуыл базардағы адамдардың дүрбелеңін туғызды, олар қауіпсіздік мақсатында оқиға орнынан кетіп қалған.
Террористік шабуылдан кейін көп ұзамай оқиға орнына келген полиция қызметкерлері шабуылдаушыларды іздеуге кірісті.
Бұған дейін таңертең Шринагардан оңтүстікке қарай 60 шақырым жерде орналасқан Шопян ауданында содырлардың шабуылы салдарынан CRPF әскерилендірілген полицейі жарақат алды.
Шабуыл 15 Тамызда Үндістанның Тәуелсіздік күнін мерекелеу қарсаңында, аймақта қауіпсіздік шаралары күшейген кезде болды.