ӨСКЕМЕН, 12 тамыз. ШҚО тұрғыны үйінде бір келіден астам марихуана сақтаған, деп хабарлады Polisia.kz-ке сілтеме жасап 24.kz жазады.
20 шілдеде «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасын өткізу барысында Шемонаиха ауданының полиция бөліміне Шемонаиха қаласының 42 жастағы тұрғыны есірткі заттарын өз үйінде сақтауы мүмкін екендігі туралы жедел ақпарат алды.
Ақпаратты тексеру барысында үйдің ауласында орналасқан қосалқы шаруашылық ғимаратына тінту жүргізу кезінде белгілі бір иісі бар өсімдік тектес зат бар полимерлі пакет табылып, тәркіленді. Сарапшының қорытындысына сәйкес, алынған зат жалпы салмағы 1 231, 52 грамм «кептірілген марихуана» есірткі заты болып табылады.
Шемонаиха қаласының 42 жастағы тұрғыны бұл затты Шемонаиха ауданы Садовое ауылының шетінде жеке пайдалану үшін жұлып алғанын түсіндірді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.