НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз. Өзбекстанның Сұрқандария облысындағы «Сариасия» кеден бекетінің қызметкерлері ірі көлемде есірткі алып өтпек болған ер азаматты ұстады, деп Орталық Азия жаңалықтар қызметі хабарлайды.
Мемлекеттік кеден комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 тамызда түнде бекет аумағына көрші елдің бір азаматы Merсedes-Benz жүк автокөлігімен келген. Жүргізуші 20 тонна жүк алып бара жатқанын айтып, құжаттарын көрсеткен. Алайда қызмет иттері жүктің арасынан есірткі барын анықтаған.
Тексеру барысында жүк көлігінен 85,5 кг героин, 11,4 кг гашиш табылған.
Кеден органдары қылмыстық іс қозғады.
Комитеттің хабарлауынша, биыл құқық қорғау органдары 260 кг астам есірткі затын тәркілеген.