НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек. Тыйым салынған «Нигерияның ислам қозғалысы» ұйымының 42 мүшесі ел астанасы Абуджада болған зорлық наразылық акциясы кезінде ұсталды. Бұл туралы жергілікті полицияға сілтеме жасап Синьхуа агенттігі хабарлайды, деп «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты жазады.
Елордалық полиция өкілі Джозефин Аденің айтуынша, қозғалыс мүшелері солтүстіктегі Нигер, Баучи, Гомбе, Борно және Кадуна штаттарынан Абуджада «тәртіпсіздік жасау» үшін келген.
Дж.Аде журналистерге баспасөз мәслихатында хабарлағандай, ұйым мүшелері Кубва-Гваримпа тас жолы аймағында жиналып, көлік қозғалысына кедергі келтіріп, полицияға тас пен жарылғыш заттарды лақтырған кезде ұсталды.
Полиция наразылық білдірушілерді таратып, жағдайды бақылауға алды. Аденің айтуынша, зардап шеккендер жоқ, бірақ кейбір наразылық білдірушілер жарақат алды.
Нигерия 2019 жылдың шілде айында «Нигерияның ислам қозғалысының» қызметі ұлттық қауіпсіздікке, құқық тәртібіне, әлеуметтік-діни келісімге, елдің егемендігі мен тұтастығына ықтимал қауіп төндіретінін мәлімдеп, ұйым қызметіне ресми түрде тыйым салды.