НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек. 29 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асырудың 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын» іске асыру шеңберінде, ҚР Тәуелсіздігінің 30-жылдығына арналған «Зайырлы мемлекет және конфессияаралық келісім — Тәуелсіздіктің негізі» тақырыбында діни бірлестіктер мен ҮЕҰ және елордамыздың ғылыми-сараптамалық қоғамдастығының өкілдерінің қатысуымен диалог алаңы (дөңгелек үстел) өткізілді, деп Нұр-Сұлтан қаласының Дін істері басқармасының сайтында хабарланған.
Іс-шара Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өтті.
Рухани Келісім күні қарсаңында өткен дөңгелек үстелге қатысушылар дін саласындағы оң жетістіктерді, ҚР-дағы діни ахуалдың тұрақтылығын, елдегі конфессияаралық және ұлтаралық келісімді, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік жүргізіліп жатқан саясатына қолдауын атап өтті. Іс-шара барысында қатысушылар ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың халыққа Жолдауын талқылап, президент жүргізіп отырған саясатқа толық қолдау білдірді.
Дөңгелек үстелге қаланың діни бірлестіктерінің, ғылыми-сарапшылық қоғамдастығының өкілдері, «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ президиумының төрағасы А. Оразбаев қатысты.
Еліміз бірегей тарихи-мәдени жағдайларға және діни саланың ерекшелігіне ие бола отырып, әлемдік қоғамдастық таныған мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың өзіндік моделін іске асырады. Біздің мемлекетіміздің зайырлы сипаты – конфессияаралық қатынастардың көрінісі болып табылады. Діни бірлестіктердің тұрақты диалогы мемлекеттік-конфессиялық саясатқа оң нәтижесін беріп, қоғамда конфессияаралық келісімді нығайтуға ықпал етеді.
Қазақстандық бірегей тәжірибе жаһандық деңгейде сұранысқа ие болды, сондықтан Нұр-Сұлтан қаласы әлемдік қоғамдастықтың діни көшбасшыларының кездесетін орнына және диалог алаңына айналды. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу туралы бастамасын бүкіл өркениетті әлем диалог пен ынтымақтастықтың бірегей алаңы ретінде таныды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезіне қатысушылар барлық діндер мен этникалық топтардың өкілдерін бейбіт диалогқа, діндер арасындағы сындарлы ынтымақтастыққа, мәдени және діни айырмашылықтар негізінде жанжалдарға жол бермеуге шақыратын қорытынды құжаттарды қабылдайды. I съезд барысында оған қатысушылар тұрақты негізде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының форумдарын өткізу және жұмыс органын – әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің Хатшылығын құру туралы шешім қабылдады. Съездің үлкен жетістігі-Қазақстан бүкіл әлем алдында шынайы қоғамдық және дінаралық келісім мен бірлікке қол жеткізген ел ретінде көрінді.
Дінаралық үнқатысудың мәнін Ұлт Көшбасшысы Н. Назарбаев бірінші Съезде нақты айқындап берді: «біртұтас діни кеңістік құруға болмайды. Алайда, тұрақты диалогтың мәні, бар келіспеушіліктерге қарамастан, белгілі бір «алтын ортаны» іздеудің мәні мен процесі сақталады. Ең бастысы-диалог бейбітшілік пен келісім аумағын, үйлесімділік пен айқындық уақытын қалыптастырады».