ЕКІБАСТҰЗ, 23 қазан. Бомба туралы жалған хабар таратқан Екібастұз тұрғыны қылмыстық жауапқа тартылады, деп Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Sputnik Қазақстан хабарлайды.
Өткен сейсенбі, 19 қазан сағат 20.35-те Екібастұз қаласының полициясына белгісіз біреу телефон соғып, саябақтардың біріне бомба қойылғанын айтты.
Оқиға орнына дереу шұғыл күштер аттанды. Саперлер мен кинолог қызметтік итпен бірге бүкіл аумақты мұқият қарап шықты, алайда жарылғыш зат табылмады.
Осыдан кейін жедел уәкілдер бомба жайлы хабарлаған адамды іздеуге кірісті. Ол 66 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Ер адам полицияға қоңырау шалғанда мас болған.
Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабы «Терроррлық акті туралы көрінеу жалған ақпарат» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Бұл бап бойынша кінәлі адамға 5000 АЕК-ке дейін (14 585 000 теңге) айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзету жұмыстарына тартылады, не бес жылға дейін бас бостандығы шектеледі немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Полиция құқық қорғау органдарында мұндай әзілқойларды табу үшін қажетті техникалық мүмкіндіктер бар екенін еске салды.