ҚЫЗЫЛОРДА, 25 қазан. Қызылордада есірткі “қойып кетуші” ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасының қызметкерлерімен 4 қазан күні басталған “Рефлекс-2021” жедел-профилактикалық шарасы барысында 22 қазан күні облыс орталығында аса ірі көлемде синтетикалық “меткатинон”, “мефедрон” есірткі заттарын жасырын таратып жүрген қала тұрғыны құрықталды.
Күдіктінің мобильді қосымшасы арқылы тапсырыс алып, оларды қала ішіндегі белгілі бір жасырын жерлерге салып отырғандығы анықталды. Полицейлер оны синтетикалық бетбелгі (закладка) қалдырып жатқан жерінен ұстады. Айғақ зат ретінде барлығы 72 дана синтетикалық заты бар орама алынды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің 3-тармағына (Аса iрi мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарға, сол тектестерге қатысты жасалған есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі таңда күдікті азамат Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.