НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан.Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған кітаптардың шығатынын айтты. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Aiqyn хабарлады.
Кәрім Мәсімовтың айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары елдің барлық аймағын және мемлекеттік шекараны аралады. Жұмыс сапары аясында жедел қызметкер мен шекарашының ерен еңбегі туралы халықтың аз білетіні байқалды.
Сондықтан борышын мінсіз орындап жүрген жандар туралы айтатын уақыт келді деп ойладым. Олардың мемлекет егемендігіне қосқан үлесін айтқымыз келді. Азаматтардың бейбіт өмірі үшін біздің қызметкерлер күні-түні ыстық-суыққа қарамай, қызмет атқарады. Олар – біздің батырларымыз. Бұл кітап – солар туралы жазылған. Оның негізінде нақты адамдар, құпиясы ашылған оқиғалар мен деректер бар, — деді Кәрім Мәсімов.
Комитет екі кітапты шығарады. Біреуі «Отандық арнаулы қызметтің хроникалары. Адамдар, оқиғалар, фактілер туралы хикаялар», екіншісі — «Мемлекеттік шекара» жинағы.
Кітаптар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекетіміздің шептерін қорғау ісіне лайықты үлес қосқан жедел қызметкерлер мен шекарашылардың қызметі туралы баяндайды.