НҰР-СҰЛТАН, 01 қараша. Жыл басынан бері полицейлер қызметтік иттердің көмегімен 4 мыңнан астам қылмысты ашты. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ауыр қылмыстардың, ұрлық пен есірткіге байланысты құқықбұзушылықтардың ашылуын тәжірибелі кинологтар мен олардың арнайы үйретілген иттерінсіз елестету қиын», — деді Нұрділдә Ораз Ішкі істер министрлігі ұйымдастыратын апталық брифингіде.
Оның айтуынша, қызметтік иттердің көмегімен жыл басынан бері 4261 құқықбұзушылық пен қылмыс ашылған, оның ішінде 1872 ұрлық, 652 есірткі айналымы, 143 тонау, 25 қарақшылық және 46 кісі өлтіру фактілері бар.
«Төбеттер, спаниельдер, лабрадорлар – жыл басынан бері заңсыз айналымнан бір тоннадан астам түрлі есірткі заттарын алуға көмектесті. Қызметтік иттер жарылғыш заттарды іздеуде және әртүрлі іс-шараларды өткізу үшін өте қажет. Осы жылы полицейлердің төрт аяқты көмекшілері 4,5 мыңнан астам тапсырмаға шыққан», — деді Нұрділдә Ораз.