НҰР-СҰЛТАН, 07 қараша. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері ҰҚШҰ Бітімгершілік күштерімен оқу-жаттығуларға қатысу үшін Ресей Федерациясына барды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқу-жаттығудың ашылуы рәсімі 8 қарашада Қазандағы Жуков Қызыл ту ордені жоғары командалық танк училищесінің полигонында өтеді. Оқу-жаттығудың негізгі міндеті – бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларды жүргізуде ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштерінің құрамына кіретін әскери бөлімдер мен бөлімшелердің үйлесімділігін арттыру.
ҰҚШҰ Ұжымдық күштерінің топтары алдында бітімгершілік операцияны дайындау және жүргізу бойынша тапсырмаларды пысықтау міндеті тұр. Бітімгерлердің оқу-жауынгерлік тапсырмаларына босқындар лагерінде жұмыс істеу, гуманитарлық жүгі бар лектерді алып жүру, дағдарыс ауданында орналасқан елді мекенді оқшаулау және тосқауыл бекеттерінде қызмет ұйымдастыру кіреді.
Оқу-жаттығудың қорытынды бөлігінде Ұжымдық күштердің топтары жауынгерлік бөлімшелермен «содырлар» орналасқан ғимаратқа шабуыл жасайды, «кепілге алынған адамдарды» босатады және зардап шеккендерге көмек көрсетеді.
Оқу-жаттығуға бақылаушы ретінде Сербия Республикасы мен Халықаралық Қызыл Крест комитетінің өкілдері шақырылды.