АТЫРАУ, 09 қараша. Атырауда есірткі затын дайындап сатумен айналысқан күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 қараша күні Атырау облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері ҚР ҰҚК Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп тиым салынған синтетикалық есірткіні сатумен айналысып жүрген күдіктіні ұстады.
– Белгілі болғандай, 27 жастағы азамат өзінің жалдамалы пәтерінде есірткі дозаларын дайындаған. Полиция қызметкерлері тінту кезінде есірткіні сатуға арналған түрлі құралдар мен құрылғыларды тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған есірткінің жалпы салмағы 300 грамды құрайтын “Альфа РVР” синтетикалық есірткі заты табылып, тәркіленді, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Қазіргі уақытта құрамында есірткісі бар өсімдіктерді сақтау деректері бойынша 27 жастағы күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Жалпы жыл басынан бері Атырау облысында есірткі сатумен айналысу фактісі бойынша БҚО, Қостанай, Ақтөбе қалаларынан 13 кепілгер және Өзбекстан Республикасының бір азаматы ұсталды. Сараптама қорытындысымен заңсыз айналымнан барлығы 1 келі 700 грамм алынды.