НҰР-СҰЛТАН, 17 қараша. «Ислам мемлекеті*» террористік тобының ең жоғары белсенділігі кезіндегі табысы 1,2 миллиард доллардан астамға жетті, деп Al Arabiya телеарнасына сілтеме жасап ТАСС хабарлайды, деп «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты жазады.
Анықталғандай, содырлардың негізгі табыс көздері қарулы тонау, ұрлық, ұрлап әкеткен адамдар үшін төленетін ақшалар және мұнай контрабандасынан түскен кірістер болды.
Мұнай өнімдері негізінен шағын мұнай өңдеу зауыттарының иелеріне сатылған: бір бөлігі шетелге контрабандалық жолмен тасымалданса, ал екінші бөлігі ИСИМ бақылауындағы Сирия аумақтарындағы қара нарықта сатылды.
Ирак билігі бір ай бұрын тұтқындаған, ИМ-нің қаржысын басқарған және 2019 жылы көзі жойылған топ жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадидің орынбасары болған Сами Джасимнен жауап алу материалдарынан белгілі болғандай ИМ ұзақ уақыт бойы Ирактың екінші ірі қаласы Мосул орналасқан Найнава провинциясында саудагерлер мен ауқатты адамдардан жалпы сомасы айына 500 мың долларға дейін ақша алып тұрған.
Сонымен бірге, Ирактың Al-Qaidah газеті өзінің электронды нұсқасында нақтылағандай, содырлар қудалау мен өлтіру мақсатында офицерлер мен қауіпсіздік қызметкерлерінің аттарын білу үшін олардың бақылауындағы Сирия мен Ирактың аумақтарындағы түрмелерден мыңдаған тұтқындарды босатқан.
ИМ содырлары 2014 жылдың жазында Ирак территориясының үштен бір бөлігін басып алған. Маусым айында олар Мосулды басып алып, оны халифат астанасы деп жариялады. 2015 жылы халықаралық коалицияның қолдауымен Ирак үкіметінің күштері экстремистер басып алған аймақтарды азат ету бойынша ауқымды науқанды бастады. 2017 жылдың желтоқсанында Ирактың сол кездегі премьер-министрі Хейдар әл-Абади ИМ-нің түпкілікті жеңілгенін мәлімдеді. Дегенмен, Ирак қауіпсіздік күштері елдің әртүрлі аймақтарында лаңкестердің астыртын әрекетін жою операциясын жалғастыруда, оның мүшелері құқық қорғау органдарына, әскерге және бейбіт тұрғындарға шабуыл жасайды.
* Қазақстан Республикасында тыйым салынған ұйым