Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

ҚР ҰҚК Балқаштағы террористер ұяшығын жою бойынша операцияның егжей-тегжейін айтып берді

НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша.Халықаралық терроризмнің қатыгез қармауыштары «шиеленіс аймағы» мен жанама қақтығыстардың шекарасынан асып, қиянға құлаш сермеді. Радикалды діни идеядан бастары айналған фанаттар біздің үйреншікті ар-ұят пен мораль туралы түсініктеріміздің шеңберінен асатын кез келген қылмысқа дайын еді. Өзінің көршілерімен тату-тәтті тұратын біздің көпұлтты еліміз экстремистер үшін ұрыс алаңы болмайтындай болып көрінуі мүмкін. Шындығында олай емес және оны ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері жақсы біледі.

2016 жылғы маусымда халықаралық террорлық ұйыммен байланысы бар ақпаратшылардан ҰҚК-ге өте маңызды ақпарат келіп түседі: белгісіз топ Қазақстанда террорлық акті жасағалы жатыр, ал оның іс-қимылы шетелден үйлестірілуде. Бұл толыққанды ақпарат емес еді – терактінің болатын жері, мерзімі, топтың қанша мүшесі бар екендігі, олардың жеке бастары туралы ештеңе айтылмаған. Кез келген аймақта болатын жарылысқа дайындалу керек болды.

Оның ішінде, діни радикалды «қасиетті жиһад» идеясымен, ұрандарымен уланған бірқатар қазақстандық азаматтар, қолдарына қару алып соғысып жүрген және өздерімен келіспейтіндердің барлығын, тіпті әйелдер мен балаларды өлтіріп жүрген бауырларына қосылуға шешім қабылдайды. Соғыс өртіне оранған Сирияға түрлі жолдармен, түрлі арналар бойынша қалайда баруға тырысты (аштық пен жоқшылық көріп, жақындарынан айырылған олардың көбісінің кейіннен өздері таңдаған жолдан көңілдері қалды, «Жусан» арнайы операциясының нәтижесінде олар елге оралды). Ойға алғандарын орындау бәрінің қолынан келмеді, сондықтан ҰҚК Қарағанды облысы бойынша департаментінің жедел қызметкерлері негізгі жиһадшыларды елден кете алмай қалған, бірақ осы туған жерінде «арқадан» пышақ ұруға дайын тұрғандардың ішінен іздеу керек деп шешті.

Торды құрып тастағандары сол еді, оған түсетін олжа көп күттірмеді. Балқаш қаласының тұрғыны Батыр

Сапаров Оралдағы діндесімен бірігіп Сирияға кету үшін қазақстан-ресей шекарасын заңсыз кесіп өтуге дайындалып жатқандығы туралы жедел ақпарат департамент қызметкерлерінің қолына түсті.

Батыр Сапаровтың радикалды идеяларын Балқаштың маңындағы Гүлшат ауылында Еркен Есентай мен Жомарт Маханов есімді белсенділікпен қолдайтын таныстары бар екендігі белгілі болды. Жігіттердің балық аулаумен айналысатындығын, бірақ томаға тұйық, сондай-ақ әсіре діндар екендіктерін жергілікті тұрғындар жақсы білетін. Көп ұзамай олардың ауыл шетіндегі иесіз қалған үйлердің біріне жиі баратындығы, сол жерге түрлі металл қалдықтарын, кесілген құбырларды, сымдарды таситындығы байқалды. Бұл тірліктері күдік тудырды…

Жедел қызметкерлердің назарына Еркен Есентайдың туыстары – Бауыржан Әбдіров, Дидар Есентай, Қайыржан Есентай, сондай-ақ досы Нұрлан Қалиев түсті. Бұған дейін олардың кейбірінің бала-шаға, әйелдерімен бірге Қазақстаннан Қырғызстанға өтіп, ол жақтан Сирияға бармақ болғандары белгілі болды. Аталған адамдарға сырттай бақылау қойылды, олардың жүріс-тұрыстары тексеріле бастады.

Қызметтік құжаттардағы құрғақ сөйлемдердің қызықты детективтік романдарға ұқсамайтындығы анық, бірақ олардың әрбір сөйлемдерінің астарында адам тағдыры мен мінезі тұрады. Халықаралық терроризмнің қауіпті аждаһасына қазақстандық мемлекеттің қаншалықты қарсы тұра алатындығы бір командада жұмыс атқаратын ҰҚК қызметкерлерінің кәсіпқойлығы мен сезімталдығына байланысты болып тұрды.

Жедел жете тексеру ісінің барысында Балқаштың маңайында террорлық актінің дайындалып жатқандығын растайтын мәліметтер алынды. Терроршылар ДАИШ-тың бас идеологы шейх әл-Аднанидың «пәтуасын», сондай-ақ интернет арқылы Сириядан алған нұсқауларды өздерінің іс-қимылдарында басшылыққа алып отырғандықтары белгілі болды. Атап айтқанда, Сапаровтың тобы жарылысты дайындау үшін Гүлшат ауылынан жер үйді жалдайды (осы жерден «Балқаш-9» деген ресейлік нысан алыс емес), жарылғыш құралдарды дайындайтын компоненттер жасырын түрде сатып алына бастайды.

Қаскүнемдер толық бақылауда жүргендіктерін тіпті сезген жоқ. Бір жағы олар кәсіби диверсанттар емес еді, басқаша ойлайтындарға, радикалды қағидалармен өмір сүргісі келмейтіндерге деген ашу-ыза ғана оларды осындай іске жетелеп тұрды. Көп ұзамай Батыс Қазақстан облысындағы қазақстан-ресей шекарасын кесіп өту кезінде Сапаров өзінің діндесімен бірге ұсталды.

Ол қырсықпай, кінәнің барлығын бірден топтың басқа мүшелеріне аударып, өзі ынтымақтастыққа келісті. Сапаровты тергеу кезінде ол топтың басшылары Еркен Есентай мен Жомарт Маханов екендігін, олар «истишхадия», яғни өздерін жаруға ниеттеніп жатқандығын мәлімдеді.

Тезірек қимылдау керек болды, өйткені терроршы топтың қолында бір немесе бірнеше жасанды жарылғыш құралдар бар еді. Кез келген сәтте жарылыс болуы мүмкін болатын.

Арнайы операция 26 маусым күні кешке басталды. Тұрғылықты жері бойынша Балқашта Бауыржан Әбдіров, ағайынды Дидар мен Қайыржан Есентай, сондай-ақ Нұрлан Қалиев ұсталды. Осымен бір мезгілде арнаулы бөлімше Гүлшат ауылында жұмыс істеді. Еркен Есентай мен Жомарт Махановтың үйінде екендігі анықталған соң, шабуыл басталды. Жолы болмаған бірінші «шаһид» аулада кісенделді, екіншісі бұл уақытта шатырда жүр екен. Жолдасының жерде, шаң жұтып жатқандығын байқап қалған Маханов үйде анасының, туған әпкесі мен ағасының отырғандығына қарамастан жарылғыш құрылғыны іске қосып жіберді…

Ұсталғандарды тергеу барысында, ресейлік әскери нысандарға 28 маусымда шабуыл жасалатындығы белгілі болды, яғни қарағандылық чекистер дер кезінде қимылдаған екен. Еркен Есентайдың әңгімесіне қарағанда, ол Махановпен бірге ресейлік әскерилердің аумағына жасырын еніп, одан кейін әрбір нысанның қасында жарылғышы бар канистраны жаруды жоспарлағанын айтып берді. Одан кейін кері қайтуды терроршылар жоспарламаған екен, яғни шашылатын элементтері бар белдеріндегі «шаһид белдігін» іске қосу акцияның соңғы нүктесі болар еді.

Жарылғыш құралдарды және «шаһид» белдігін жинау технологиясын терроршылардың интернеттен оқығандығы белгілі болды, атыс қарулары мен оқ-дәрілерді сатып алған. Көп адамның қаза табатындығын қылмыскерлер тіпті есепке де алмаған, бір жағы олар кез келген құрбандыққа баруға дайын еді.

Отандық арнаулы қызмет қызметкерлерінің әрі сауатты, әрі батыл іс-қимылдарының арқасында адам шығынын, сондай-ақ әскери мақсаттағы нысандардың қирауын болдыртпаудың сәті түсті.

Террорлық топтың барлық мүшесі 10 жылдан 14 жылға дейінгі аралықта өздерінің лайықты жазаларын алып, қылмыстық атқару жүйесінің арнаулы мекемелеріне тоғытылды. Олардың кейбірі сотта соңғы сөзін сөйлеп, өмірден шет қалғандықтан осындай теріс әрекетке барғандықтарын айтып, Фемида қызметкерлерінің аяушылығын тудырғысы келді. Лайықты жұмыс таба алмағандықтан (немесе ниеттері болмағандықтан), жақындарымен араласып, өмірдің қызығын көру мүмкіндігі болмағандықтан, фанаттар өз орындарын қияли әлем ұсынатын деструктивті діни идеялардан іздеді.

Олар шын мәнінде өкінген болса, онда оларға аяушылық танытқан дұрыс шығар. Бірақ заңды белдерінен басқандары үшін лайықты жазаларын тартатындары анық. Бұл оқиғада кешіруге және аяуға болмайтын бір адам болса, ол өзінің туыстары мен тіпті анасының да өмірін таразыға салған Жомарт Маханов! Өмірде адам төзгісіз күнә болса, ол осы шығар…

Дереккөз: ҚР ҰҚК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *