ТАРАЗ, 30 қараша. Жамбыл облысы Шу ауданының полицейлері жалған лаңкесті ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шу ауданы полиция бөліміне белгісіз тұлға қоңырау шалып, Шу ауданы Төлеби ауылында орналасқан М.Әуезов атындағы орта мектептің ғимаратында жарылғыш құрылғы орнатылғанын, яғни алдын ала дайындалған терроризм актісі туралы хабарлаған.
Полиция қызметкерлері жедел түрде тиісті шара қолданып, мектеп ғимаратынан 300-ден астам адамды эвакуациялады.
Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Тексеру нәтижесінде жарылғыш зат анықталмады. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында аталған қылмысты жасаған Шу ауданының 25 жастағы тұрғынын ұстады. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 273 бабымен сотқа дейінгі тергеп тексеру басталды»,-делінген ведомство хабарламасында.
Күдікті кінәсін толық мойындап, Шу ауданы уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Тергеу жүріп жатыр.