ҚЫЗЫЛОРДА, 02 желтоқсан. Қызылорда облысында ер адамның көлігінен 24 келі есірткі табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
“Дәрмек” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 1 желтоқсан кешкі уақытта Қызылорда облысының ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция ротасының инспекторлары Самара-Шымкент тас жолының 1323 шақырымында жол қозғалысы ережесін сақтамай, белгіленген жылдамдықты асырған LADA Largus маркалы автокөлікті тоқтатқан.
Тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан ірі мөлшерде ерекше иісі бар шөп салынған жолаушыға тиесілі сөмке мен қап алынды. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған зат 24 келі “кептірілген марихуана” екендігі анықталды.
Оқиға орнында күдікті 43 жастағы облыс тұрғыны ұсталды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Көрсетілген баптың санкциясында – үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Есірткімен айналысу ауыр және аса ауыр қылмыс санатына жатады.
– Қазіргі таңда күдікті азамат Арал ауданы Полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынып, тергеу жүргізілуде, – деп атап өтті Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Сұлтан Бектөре.