НҰР-СҰЛТАН, 08 желтоқсан. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы өкілі Гейр Педерсенге желтоқсан айының соңында Нұр-Сұлтанда өтетін Астана форматындағы келіссөздерге шақыру жіберді. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияровқа сілтеме жасап ТАСС хабарлады, деп «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты жазады.
«Келіссөздерге БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Гейр Педерсен шақырылды», — деді ол.
21-22 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда Сирия бойынша Астана форматындағы халықаралық кездесу өтеді. Бұған дейін ТАСС-қа Ресей Федерациясы Президентінің Таяу Шығыс және Африка елдері бойынша арнайы өкілі, Сыртқы істер министрлігі басшысының орынбасары Михаил Богдановтың айтуынша, келіссөздердің күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қауіпсіздікті қамтамасыз ету және соғыс қимылдарын тоқтату режимінің сақталуын талдау болады.
Бұған дейінгі келіссөздер 7-8 шілдеде өтті. Оларға қатысушылар Араб Республикасындағы жағдайды, халықаралық гуманитарлық жәрдемді, Женевадағы Сирия Конституциялық комитетінің жұмысын қайта бастау перспективаларын, сондай-ақ тұтқындармен алмасуды, кепілдікке алынғандарды босатуды және хабар-ошарсыз кеткендерді іздестіруді қоса алғанда, сенімді нығайту шараларын талқылады.