АҚТӨБЕ, 20 желтоқсан. Ақтөбе облысында студент Жосалы кентіне “бомба” қойған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 желтоқсан күні сағат 01.30-да Ақтөбе облысы ПД Қарғалы аудандық ПБ кезекші бөлімінің “102” телефонына бір ер адам қоңырау шалды. Оның айтуынша, Қарғалы ауданының Жосалы кентінде бомба қойылған.
Оқиға орнына полиция жасақтары, авариялық-құтқару қызметінің қызметкерлері, Қарғалы ауданының жедел медициналық жәрдем бригадасы жіберілді.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында учаскелік полиция инспекторы күдікті ретінде 18 жастағы жергілікті тұрғынды колледж студентін ұстады. Жас жігіт әзілдеп айтқанын мойындады.
ҚР ҚК 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Осындай әзіл үшін жас жігітке бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзету жұмыстары немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.