НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар. Кеше Сомали астанасы Могадишода бомба орнатылған көліктің жарылуы салдарынан кемінде 10 адам, оның ішінде 5 әскери қызметкер қаза тауып, 9 адам жараланды. Көлікті жанкешті жарып жіберген. Бұл туралы жергілікті билікке сілтеме жасап Синьхуа агенттігі хабарлады, деп «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты жазады.
Банадир аймағының қауіпсіздікке жауапты вице-губернаторы Али Абди Вардхере жанкешті «21 қазан» жолымен Могадишоға бара жатқан қауіпсіздік күштерінің колоннасына шабуыл жасағанын айтты. Шабуыл жақсы бекінген халықаралық әуежай маңында жасалған.
«Шабуыл салдарынан кемінде он адам, оның ішінде бес әскери қызметкер қаза тауып, басқалары жараланды. Әзірге белгілі болғаны осы, шабуылдың нысанасы кім болғанын білмейміз», — деді шенеунік оқиға орнында журналистерге.
Куәгерлердің айтуынша, өрт салдарынан бірнеше көлік жанып кеткен.
Вице-губернатор бұл шабуылдың артында « Аш-Шабааб » экстремистік тобының содырлары тұрғанын , қазір полиция оларды қуып жатқанын айтты. Құқық қорғау қызметкерлері де шабуылдың себебін анықтау үшін тергеуді бастады, деп қосты ол.
Шабуыл үшін жауапкершілікті «Аш-Шабааб» тобы өз мойнына алды.