НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар. Йемендегі шиіттік хуситтердің «Ансар Алла» қозғалысы Біріккен Араб Әмірліктеріне шабуылдады деп хабарлайды Хабар 24 агенттігіне сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты хабарлайды.
Йемендік күштер 20 әскери дрон ұшырып, 10 баллистикалық зымыран атқан. Салдарынан 3 мұнай танкерінің күлі көкке ұшып, 3 адам ажал құшты, тағы алтауы зардап шекті. Құрбандар арасында Үндістанның 2, Пәкістанның 1 азаматы бар. Сондай-ақ Абу-Даби әуежайының жанындағы құрылыс алаңы өртенген. Әмірлік әскері 3 дронды қағып үлгерген.
Яхия Сария, «Хуситтер» қозғалысының өкілі: – Біздің қарулы күштер Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағында сәтті және сапалы әскери операция өткізді. Йемен әскері басқыншыларға аяусыз соққы беруге және зор зардап келтіруге уәде береді.
Осы кезде араб коалициясы да қарсы шабуылға кірісті. «Хуситтерге» қарымта ретінде Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы Йемен астанасы Сананы бомбалауға кірісті. Қазірдің өзінде Коалиция күштері баллистикалық зымырандардың 2 қондырғысын жойған. «Хуситтер» тарапының хабарлауынша, шабуылдан 4 адам көз жұмып, 5-уі жарақат алған.