НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктерден кейін бүлікшілердің қайда жасырынғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Содырлардың көбісі, олардың ішінде командирлері де бар, Алматыдан қашып кетті. Кейбірі ауылды жерде жасырынды. Енді біреулер шекара асып, көрші елдерге өтіп кеткен. Басқаша жолмен жасырынғандар да бар. Сақалын қырып тастап, сыртқы келбетін өзгерткен. Көшеде жүрген адамдар болып шыға келеді. Ал оларды ұстаса, «біз далада жүрген жай адамбыз» деп айқайлай бастайды. Ондай фактілер де бар», — деді Тоқаев «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында.
Президенттің айтуынша, бандиттердің бір тобы Алматыдағы бес жұлдызды қонақ үйде тұрған. Сол үшін біреулер ақша төлеген.
«Қазақстан» қонақ үйінің бірінші қабатында өздерінің командалық штабын ашқан екен. Қазіргі кезде тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», — деп атап өтті Тоқаев.