ӨСКЕМЕН, 01 ақпан. ШҚО полицейлері марихуана өсіруге арналған есірткі зертханасын жойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаңтар айында Шығыс Қазақстан облысы ПД криминалдық полиция қызметкерлері есірткі заттарының заңсыз айналымына Өскемен қаласы тұрғының қатысы барын анықтаған.
Оның тұрғылықты жерін санкцияланған тінту нәтижесінде, жедел уәкілдер “марихуана” өсіріп-көбейтуге арналған сырт көзден таса орналасқан есірткі зертханасын тапты. Ыдыстағы есірткі өсімдіктері белгілі бір температура мен ылғалдылық сақталатын екі қосалқы бөлмеде өсірілген.
– Тінту кезінде 154 түп марихуана анықталды, есірткі затының жалпы салмағы 19 келіні құрайды. Соттың санкциясымен қамауға алынған 40 жастағы күдіктінің әрекеті ҚР ҚК-нің 300-бабы 2-бөлігі (Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша сараланады, оның санкциясы үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді, – деп атап өтті ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.