Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Теолог: Діни радикализмнің салдарымен емес, себебімен күресу керек 

НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан.  Елдегі экстремизм және терроризммен күрес, діни сауаттылық, дін саласындағы мамандардың әлеуметтік жағдайы, сонымен қоса деструктивті ағымдардың таралуына тосқауыл қою мәселелері бүгінде ерекше өзекті. Осы орайда теолог, сарапшы Жандәулет Сүлейменовпен ҚазАқпарат сарапшысы  сұхбаттасқан. 

— Жандәулет Отарбайұлы, алғашқы сауалымды еліміздегі діни экстремизмнің пайда болу және таралу себептерінен бастасақ. Жалпы ел аумағында діни экстремизмнің таралуына қандай себептер әсер етіп отыр? Дін туралы білімнің аздығын басты себептің бірі деп айта аламыз ба?

— Қазақстандағы діни экстремизмнің пайда болу және таралу себептері көп және олар алуан түрлі. Жалпы елде жиырмадан астам ішкі және сыртқы себептер бар. Сіз айтып отырған дін туралы білімнің аздығы – бұл тек бір себебі ғана. Адамның діни сауаттылығы төмен болған сайын экстремизм қаупі де жоғары. Сондықтан қазіргі таңда діни білім, діни тұрғыдан сауатты болу маңызды әрі өзекті мәселе болып отыр. Десе де бұл – тек бір себебі. Негізі интернет желісі арқылы радикалды ақпараттарды тарату, жаңа технологияны пайдалану арқылы сыртқы күштердің насихатын жүргізу радикалды діни көзқарастағыларға негізделген. Бірақ артында жасырын саяси мүдделері бар топтардың іс-әрекеті де діни экстермизмнің таралуына әсер етуде. Мәселен, радикалды ұйымдарды зерттеу барысында дінді құрал ретінде пайдаланып, бір мемлекетте өздерінің қитұрқы пиғылдарын астыртын жүзеге асырғаны анықталған. Осылайша, олар дінді идеологиялық құрал ретінде пайдаланып, жасырын саяси мүддесіне қол жеткізіп отыр.

— Азаматтардың діннен хабары болуы үшін дінтануды мектептерде міндетті пән ретінде оқытуымыз керек пе? Оған қалай қарайсыз?

— Бүгінгі таңда мектептерде 9-сыныптың оқушыларына діни сауаттылық бойынша сабақ жүргізіледі. Бірақ бұл — діни экстремизм мен терроризмнен қорған болатын пән емес. Тек ақпараттық тұрғыда тарихтан хабар беретін танымдық пән деңгейінде ғана қалып отыр. Жақында әлеуметтік желі қолданушыларының «терроризмге қарсы пән енгізу керек» деп жазып, соны қолдап жатқандарды көзім шалып қалды. Біз экстремизмге белшеден батып, терроризм жайлаған ел емеспіз. Сондықтан арнаулы пән енгізіп, онда терроризмге қарсы әскери бағытта дайындық курсын өткізіп, теориямен бас қатырып, белгілі бір әскери машықтарды үйретудің аса бір қажеті жоқ деп санаймын. Жақында Білім және ғылым министрлігіне осыған қатысты бір ұсыныс бердік. Мектептер мен университеттерде «Қоғамдық қауіпсіздік» немесе «Қауіпсіз қоғам» деген пән енгізілсе, дұрыс болар еді. Сабақта адам өмірінің және қоғамның құндылығы, өзі және айналасындағы адамдардың сол қоғамды құрайтыны, қоғамды сақтау адамның қолында екені айтылуы керек. Жалпы жастар санасына жастайынан осы секілді құндылықтарды бойына сіңірсе, қарапайым пайдалы дүниелерді санасына жиса, мейірімді һәм қайырымды азаматтарды қалыптастыруға қабілетті болар едік. Сөйтіп, экстремизм мен терроризм жайламаған ізгі қоғамның дамуына ықпал етер едік. Әрине, танымдық ақпарат беру мақсатында экстремизм мен терроризмге бір-екі сабақты арнауға болады. Міне, осы бағытта мектептердегі дінтану пәнін жетілдірсе деген тілегім бар.

— Соңғы кезде Қазақстанда деструктивті ағымдарды ұстанушылар саны артып келе жатқаны байқалады. Бұлардың саны неліктен көбейіп жатыр деп ойлайсыз?

— Иә, жыл өткен сайын деструктивті ағымды ұстанушылар саны көбейіп отырғаны жасырын емес. Мұның барлығын реттейтін құқықтық нормалар толыққанды болмағандықтан, кейбір көрсеткіштер жоғары болуы мүмкін. Олардың санын азайту үшін теологтардың жұмысына белсене араласуы, ғылыми зерттеулер жүргізу, интернет желісінде ақпараттық материалдарды орналастыру секілді дүниелер — тек мәселенің салдарымен күрес қана. Сондықтан салдарымен емес, себебімен күресетін шара қолдануымыз керек. Яғни, оқиғаның салдарын емес, оған себеп болған нәрселерді жоюымыз керек. Мәселен, құқықтық реттеуді жетілдіруіміз керек. Бүгінге дейін сот органдары 20-дан астам дінмен байланысты ұйымның жұмысына тыйым салды. Сол сияқты қоғамға қауіп төндіріп отырған салафизм проблемасы бар. Мысалы, оған сот органдары тарапынан құқықтық баға берілсе деймін. Өйткені, тарихқа, салтқа, әдет-ғұрыпқа, ең соңында заңнамаға толық мойынсұнбаған қозғалысты қоғамда қалай еркін ұстауға болады?! Бізде қазір қолданыста діни қызмет және діни бірлестік туралы 2011 жылы қабылданған заң бар. Содан бері 10 жылдан астам уақыт өтті. Он жыл ішінде елдегі діни ахуал да өзгерді. Мәселен, соңғы оқиғалар олардың қаупі күшейгенін, тәсілдерінің өзгергенін көрсетіп отыр. Сондықтан бұл заң жобасын жетілдіріп, құқықтық нормаларды қайта қарастыруымыз керек.

— Заң жобасына өзгерістер мен түзетулер енгізу керек деп қалдыңыз. Сіздің қандай да бір нақты ұсыныстарыңыз бар ма?

— Әрине, бар. Мәселен, «радикалды діни идеология» дейтін терминге жауап беретін заңнамада бап жоқ. «Діни радикализм деген не?» деген сауалға да занда анықтама берілуі керек. «Діни-саяси себептерді негізге ала отырып, басқа да мүдделерді жүзеге асыратын ұйым» деген секілді. Деструктивті, радикалды діни ағым деген бар. Сондықтан осы секілді терминдерге заң жүзінде анықтама беріліп, құқықтық баға берілуге тиіс. Біз құқықтық мемлекет болғаннан кейін, бәрі заң аясында жүзеге асады. Сол себепті де құқықтық жағынан реттеуді жетілдіру керегін айтып жүрмін.

Сондай-ақ терминологиялық сөздерді қарастырумен қатар, шетелде білім алу жүйесін де назарға алуымыз керек. Мәселен, Тәжікстанның тәжірибесіне тоқталып көрейікші. Олар шетелде дін саласы бойынша білім алып жүрген мыңдаған студентін, тәжік азаматын, оның ішінде радикалды бағытта оқып жүргендері де бар, соларды кешенді шаралар қабылдау арқылы елге қайтарды. Құқықтық органдар мен теолог мамандар әрқайсысымен жеке-жеке сұхбаттасып, қай жерде оқып жатқанын анықтап, қоғамға қаншалықты қауіпті екенін, тыйым салынған ағымдарды ұстана ма, жоқ па деген бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізді. Кейін «қоғамға қауіпсіз» деп танылған азаматтардың оқуын жалғастыруына рұқсат берді. Сәйкесінше, деструктивті идеяның таралуына генератор болуы ықтимал азаматтарға тосқауыл қойылды. Ал бізде ондай мүмкіндік жоқ. Мысалы, бізде құқықтық тұрғыдан шетелдік оқу орындарында теологиялық бағытта білім алуға шектеу жоқ. Шетелден бейресми оқып келген азаматтар елге оралып, дін саласында қызмет жасай алмаса да, айналасындағы ортасына сол идеологияны таратқан жағдайлар кездесті. Жалпы мемлекет қауіпсіздік мақсатында барлығын қадағалайды, бақылайды. Бірақ жоғарыдағы мысалдай нақты шешім қабылданып, кешенді жұмыс шаралары жүргізілгені жақсы.

— Бүгінде діни жат ағымдар іс-әрекетін астыртын жүргізіп отырғаны жасырын емес. Жалпы мұндай ағымдардың тамырына балта шаба аламыз ба?

— Әрине, болады. Бұл – біздің еліміздің ойлап шығарған идеологиясы емес, сырттан келген проблема. Шетелдік сыртқы күштердің ықпалымен әлемге таралып отырған індет десек болады. Сарапшылар ХХ ғасырдың дерті СПИД болса, ХХІ ғасырдың дерті терроризм мен экстермизм деп баға беріп жүр. Сондықтан бұл әлемге ортақ проблема болғаннан кейін, бір мемлекеттің оның тамырына бірден балта шабуы мүмкін еместей көрінеді. Бірақ қауіпті сейілтуге, оның алдын алуға, теріс идеологиялардың таралуын тоқтатуға мемлекеттіміздің құзыреті де жетеді, мүмкіндігі де бар деп айтуға болады. Сол секілді дін саласында да кейбір мәселелер құқықтық жағынан реттелсе, шешімі табылады.

— Жақында Сенат отырысында елдегі діни ахуалды зерделеп, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірлеу керегі туралы сөз болды. Мұндай жобаны іске асыру қолға алынса, бұл қандай өзекті мәселелерге баса назар аудартып, қандай проблеманы шешуге бағытталуы қажет?

— Биылғы жылдың жазында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылданады. Біз аталған жобадан біраз жаңашылдық күтеміз. Яғни жоғарыда атап өткенімдей, қазіргі кезде терроризм мен экстремизмнің қауіптілік деңгейі, діни деструктивті ағымдардың қолданатын тәсілдері де өзгерді. Сондықтан бұл бағдарламада терроризм және экстремизммен күрес шаралары да жаңарып, жағдайға қарай бейімделіп, жаңа іс-шаралар қолға алынады деп ойлаймын.

— Сіздердің тарапыңыздан қандай да бір ұсыныс берілді ме?

Жалпы бұл бағдарлама шеңберінде ғана емес, біз әрдайым өзіміздің ұсыныстарымызды дайындап, жіберіп отырамыз. Сонғы кездері ақпараттық кеңістіктегі діни деструктивті ағымдардың идеологиялық үгіт-насихатымен күресуге бағытталған шаралар кешенін, сонымен қоса теолог мамандардың білім сапасын арттыру, жалақысын көбейту секілді мәселелер бойынша ұсыныстарымызды жеткіздік. Мәселен, өңірлердегі теологтардың орташа жалақасы 60-70 мың теңгені құрап отыр. Олардың сотталғандармен, неше түрлі деструктивті ағымға түскен азаматтармен, «Жусан» операциясымен елге келгендермен жұмыс істейтінін ескерсек, бұл жалақы мөлшері өте аз. Идеологиялық оңалту жұмыстары оңай жұмыс емес, ондай азаматтармен қарым-қатынас жасау мамандардың психологиясына ауыр әсер етеді. Тіпті террористермен сөйлесудің өзі олардың өміріне де қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай жайттар мамандардың тұрақтамауына, жұмыстың сапалы істелмеуіне әкеліп соғады. Сол себепті олардың еңбекақысын арттыру мәселесін де көтеріп отырмыз.

Бұдан бөлек бізде діни оңалту бойынша тереңдетілген талдау жасап, мамандарға бағыт-бағдар беретін ғылыми-тәжірибелік орталықтар ашылуы керек екенін де айтып келеміз. Бізде дін саласы бойынша мониторинг жасайтын, талдау жүргізетін институттар бар. Ал оның ішінде бізге діни радикализмді зерттейтін, діни оңалту жұмыстарының жүргізілуіне сараптама жасайтын, діни радикалдармен жұмыс істейтін мамандардың еңбегіне баға беретін институттар керек. Бұл орталық қазіргі қолданыстағы ұйымдар секілді емес, еліміздің 17 аймағында жүргізіліп отырған діни оңалту жұмыстарына талдау жасайды. Сондай-ақ тағы бір ескеретін жайт, мұндай орталық ашыла қалған кезде де онда тәжірибелі, білікті мамандарды тартуымыз қажет. Мамандар сапасына назар аударылмаса, күткен нәтиже бола қоймайды. Сондықтан орталықты ашып қана қоймай, «дала полигонында» жұмыс істеп көрген, тәжірибелі мамандармен қамтамасыз ету керек. Сонда ғана нәтижеге қол жеткізе аламыз.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Назерке Сүйіндік

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *