АТЫРАУ, 06 наурыз. Атыраулық полицейлер ер адамнан аса ірі көлемде синтетикалық есірткі тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырауда қала тұрғыны аса ірі көлемде синтетикалық есірткі затын сақтаған. Анықталған 30 жастағы күдіктіні Атырау ОПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҚР ҰҚК Атырау облысы бойынша департаментімен бірлесіп 1 наурыз күні жедел-іздестіру шарасын өткізу барысында ұстады. Тұрғынның үйін тінту кезінде гаражынан ақ түсті ұнтақты зат салынған скотчпен оралған полиэтилен пакет табылып, тәркіленді.
Сараптама қорытындысы бойынша зерттеуге ұсынылған зат жалпы салмағы 471,25 грамм синтетикалық есірткі – альфа-пирролидин валерофенон (a-PVP) болып шықты. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.Қазіргі таңда ҚР КПК-нің 128-бабына сәйкес күдікті ер адам уақытша изоляторына қамауға алынды.