СЕМЕЙ, 31 наурыз. Семей қаласында полицияға банкке бомба қойылғандығы туралы хабар түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 29 наурызда полицияға банктердің бірінің қызметкері хабарласқан. Оның айтуынша, банкке қоңырау шалған белгісіз біреу Панфилов көшесіндегі бөлімшеде бомба қойылғандығын жеткізген.
«Хабар түсісімен полиция қызметкерлері мен арнайы мамандар шұғыл түрде оқиға орнына келіп жетті. Бөлімшеге толыққанды тексеру жүргізілді. Алайда ғимарат ішінен жарылғыш заттар табылмады», — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жалған хабар берген азамат іздестірілуде.