НҰР-СҰЛТАН, 02 сәуір. Бүгін Ауғанстанның батысындағы Герат провинциясында бомба орнатылған көлік жарылып, кем дегенде екі адам қаза тауып, сегізі жараланды, деп жергілікті денсаулық сақтау қызметкеріне сілтеме жасап Синьхуа агенттігі хабарлайды, деп «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты жазады.
«Алдын ала мәлімет бойынша, бомба орнатылған көліктің жарылуы салдарынан екі адам қаза тауып, тағы сегіз адам жарақат алды. Жараланғандар провинцияның әкімшілік орталығы Герат қаласының аудандық ауруханасына жатқызылды…», — деп Синьхуа агенттігінің тілшіне Герат аудандық ауруханасының бас дәрігері Мирваис Джалали хабарлады. Оның айтуынша, зардап шеккендер жансақтау бөлімінде жатыр.
Оқиға бүгін түнде Герат қаласының Джебрахил ауданында болды, деп бұған дейін Синьхуа агенттігіне провинцияның қауіпсіздік қызметіндегі дереккөз хабарлады. «Талибан» қауіпсіздік күштері сақтық шарасы ретінде аймақты қоршауға алды», — деді ол.
Әзірге ешбір топ шабуылды өз мойнына алған жоқ.
* Қазақстан Республикасында тыйым салынған ұйым