НҰР-СҰЛТАН, 24 сәуір.Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Айтуынша, лаңкестік акт – түрік армиясының Ирактың солтүстігіндегі «Күрдістан жұмысшы партиясының» содырлары мекендейтін Кандил тауында басталған операциядан кейін болып отыр. Дегенмен ресми Анкара лаңкестікке қарсы күресті соңғы содырдың көзі жойылғанша жалғастырады. Осы аптада Бурса провинциясында тергеу изоляторының қызметкерлері мінген автобус жарылып, 1 кісі қаза тапқан болатын. Сондай-ақ Ыстамбұлда жарылғыш зат қауіпсіздік сақшылары тарапынан залалсыздандырылған.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті: — Ирактың солтүстігінде жалғасқан «Пенче» операциясы террор ұйымдарды тізе бүктіруге бағытталған. Лаңкестік ұйым өзінің соңғы демімен Кандилдің тапсырмасын орындап, елімізді отқа орап, жоюға тырысты. «Пенче» операциясында 45 содыр залалсыздандырылды. Өкінішке қарай, 3 әскеріміз шәйіт болды. Барлық жасырын жерлерді анықтап жатырмыз. Бұдан бөлек, технологиялық мүмкіндіктерімізді пайдаланып, зымырандарымызбен жұмыла шабуылдап жатырмыз. Әскери іс соңына дейін жалғасады. Лаңкестікке қарсы күресті табанды түрде жалғастырамыз.