НҰР-СҰЛТАН, 29 сәуір.Бүгін, 29 cәуірде, сағат 8-ден 14-ке дейін Нұр-Сұлтанда терроризмге қарсы жоспарлы оқу-жаттығу өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат елордалық терроризмге қарсы күрес жедел штабына сілтеме жасап.
«Осы жылдың 29 сәуірі сағат 8:00-ден 14:00-ге дейін елордалық терроризмге қарсы күрес жедел штабы «ҚТЖ» АҚ техникалық жолаушылар паркі аумағында (Шу көшесінің аяғы, әл-Фараби даңғылы мен Қошқарбаев көшелерінің қиылысында) терроризмге қарсы жоспарлы оқу-жаттығу өткізбекші.
Іс-шараның мақсаты — жедел штаб күштері мен құралдарының террористік белгілерге шұғыл әрекет ету бойынша міндеттерін орындауға дайындығын тексеру. Оқу-жаттығу кезінде барлық күрделі элементтер қолданылады», -деді жедел штабтан.
Ведомствоның мәліметінше, техникалық жолаушылар паркі аймағында шектеу шаралары қарастырылған.
«Азаматтарды жүргізіліп жатқан оқу-жаттығу шараларына түсіністікпен қарап, барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға және жауапты мемлекеттік орган қызметкерлерінің заңды талабын орындауға шақырамыз», — делінген хабарламада.