НҰР-СҰЛТАН, 06 мамыр. Израильдің Эльад қаласында лаңкестік әрекет болып, 3 адам көз жұмды, деп «Хабар 24-ке» сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты хабарлайды.
Тағы 4 тұрғын жарақат алды. Оқиға Израильдің тәуелсіздік күнін атап өту кезінде болды. Қолдарына пышақ пен балта ұстаған екі күдікті шаһардағы алаң мен саябақта жүрген адамдарға шабуылдап, артынан оқиға орынынан іздерін суытқан. Қазір қаскөйлер іздестіріліп жатыр. Айта кетейік, наурыз айының соңынан Израильде мұсылмандардың полициямен қақтығысы күшейіп, 15 адам көз жұмды. Израиль әскері жауап ретінде Иордан өзенінің батыс жағалауында әскери операциялар жүргізіп, 40 палестиналық қаза тапты.
– Эльад қаласында адамдарға бірнеше шабуыл жасалды. Қазір біз лаңкестерді іздестіріп жатырмыз. Әзірге олардың қанша адам болғанын білмейміз. Іздеу шараларына тікұшақ тартылып, кей жерлерде тексеру бекеттерін құрдық», — деді Рош-Ха-Аин полициясының тергеу бөлімі басшысы Ариэль Коэн.