НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр.Демалыс күндері Буркина-Фасода орын алған төрт қарулы шабуылда кем дегенде 40 адам, оның ішінде Отан қорғау еріктілерінің мүшелері және бейбіт тұрғындар қаза тапты, деп жергілікті қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздер мәлімдеді, деп Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты хабарлайды.
Бірінші шабуыл 14 мамырда Удалан провинциясындағы (Сахел аймағы) Салмоси мен Маркойе арасындағы аймақта армияның көмекшілері сүйемелдейтін конвойға қарсы жасалды. Оқиға салдарынан 5 әскери қызметкер мен 1 бейбіт тұрғын қаза тапты, деп хабарлайды террористік топтардың қозғалысы туралы ақпарат беретін платформа Sahel Security.
Екінші шабуыл сол провинцияның аумағындағы Гессельде болды. Жергілікті қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, шабуыл нәтижесінде Отан қорғау еріктілерінің 8 мүшесі мен 12 бейбіт тұрғын қаза тапқан.
Үшінші шабуыл Бенинмен шекарадағы Компьенга провинциясының (Шығыс аймақ) Намуюри аймағында Отан қорғау еріктілерінің сүйемелдеуімен бейбіт тұрғындар колоннасына жасалды. Бұл туралы басқа дереккөз хабарлап, шабуыл салдарынан 17 адам қаза тауып, 9 адам жараланғанын айтты.
Сенбіден жексенбіге қараған түні Малимен шекаралас Уэ провинциясының (Жоғарғы бассейндер аймағы) Фараман қаласындағы жандармерия мен полиция бөлімшелеріне бір уақытта шабуыл жасалды. Синьхуа агенттігінің корр. байланысқан қауіпсіздік қызметіндегі дереккөзінің хабарлауынша, шабуыл нәтижесінде екі жандарм жарақат алған, сонымен қатар көлік өртенген.
2015 жылдан бері Буркина-Фасодағы қауіпсіздік жағдайы нашарлады. Терактілердің салдарынан 1 мыңнан астам адам қаза тапты, 1 миллионнан астамы ішкі босқынға айналды.