НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр.Тәжікстан ішкі істер министрлігі Таулы Бадахшан автономиялы облысының Рушан ауданында “терроризмге қарсы операция басталғанын” хабарлады. Бұл жөнінде ведомствоның баспасөз қызметіне сүйенген мемлекеттік “Ховар” агенттігі хабарлады. Жергілікті ақпарат агенттіктері «жергілікті тұрғындарға оқ атылғанын» жазды, деп АзаттықРадиосына сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты хабарлайды.
Тәжікстан ІІМ мәлімдеуінше, бір күн бұрын “ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері” елдегі жағдайды “тұрақсыздандыру” мақсатында “Душанбе – Кульма” халықаралық көлік жолының Рушан ауданындағы бөлігін жапқан. Ведомствоның хабарлауынша, “қылмыскерлер” конституциялық құрылымға қарсы әрекет етіп, “теракті мен арандату әрекеттеріне шетел жалдамалыларын тартқан”. “Ұйымдасқан қылмыстық топ шетелдің террористік ұйымдарынан қаржы, оқ-дәрі, қару-жарақ алған”. Тәжікстан билігі олардың «қаруларын тастамай, қарсылық көрсеткенін» айтты.
Pamir Daily News ақпарат агенттігі Телеграм арнасында Рушан ауданының орталығында 18 мамырда таңертең атыс болғанын жазды. “Мергендер жергілікті тұрғындарға оқ атты” деп жазды агенттік. Ақпарат көздері 8 адамның жараланғанын жазды. Ақпаратқа қарағанда, әскери колонна Хорогқа қарай бағыт түзеген. Ауданды мобильді байланыс өшірілген.
- Негізінен памирлықтар және қырғыздар тұратын Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиялы облысында наразылық акциясы 14 мамырда басталған. Тұрғындар облыс пен облыс орталығы Хорог қаласының басшыларын отставкаға жіберуді, барлық блокбекеттерді алып тастауды, тұрғындарды қуғындауды доғаруды талап еткен. Билік мұны орындаудан бас тартқаннан кейін 16 мамырда күштік құрылымдар жиналғандарды жас ағызатын газ және резеңке оқпен атқан. Наразылық кезінде бір адам қаза болды, үш адам жараланды.