НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр. Шығыс округінің әскери соты Магадан қаласының 37 жастағы тұрғынын террорлық шабуыл жасауға дайындалғаны үшін қылмыстық іс бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырды, деп Қиыр Шығыс федералды округі бойынша бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді. Бұл туралы ТАСС агенттігіне сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты хабарлайды.
«Мемлекеттік айыптаушының ұстанымын ескере отырып, сотталушы бір жылға бас бостандығын шектеумен 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ол бас бостандығынан айыру жазасын алғашқы бес жыл түрмеде, ал қалған мерзімін қатаң режимдегі түзеу колониясында өтейтін болады», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Анықталғандай, 2021 жылдың мамыр айында ер адам Магадан қаласында 15 дана оқ-дәрі мен екі жарылғыш затты заңсыз сатып алып тұрғылықты жерінде сақтаған. Осының барлығын ол болашақта лаңкестік әрекет жасау үшін қосымша зақымдаушы элементтермен жабдықталған қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды жасауда қолдануды жоспарлаған. Ер адам Магадан қаласы бойынша Ресей ІІМ бөлімшесінің әкімшілік ғимаратында жарылыс ұйымдастыруды жоспарлаған, бірақ 2021 жылдың маусымында ұсталған.
Сонымен қатар, радикалды ислам идеяларын ұстанып терроризмді қаржыландырған. Осылай 2021 жылдың маусым айында Ресейде тыйым салынған террористік ұйымдардың белгілі бір мүшесіне жалпы сомасы 6 мың рубль көлемінде қаражат аударған. Магадандық азаматқа қатысты Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 30-бабының 1-бөлігі, 205 бабының 1-бөлігі, 205.1 бабының 1.1-бөлігі, 222-бабының 1-бөлігі, 222.1 бабының 1-бөлігі «Террорлық әрекетке дайындалу, терроризмді қаржыландыру, оқ-дәрілер мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз алу, алып жүру, сақтау» бойынша қылмыстық іс қозғалды.