НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр. 2021 жылы Ауғанстаннан Орталық Азия елдеріне есірткі тасымалының көлемі екі есеге өсті, деп РФ ФҚҚ Шекара қызметінің бастығы — директордын бірінші орынбасары армия генералы Владимир Кулишов мәлімдеді, деп РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты жазады.
«Қазір Ауғанстандағы жағдай күрделі. Бұған саяси-экономикалық себептерден басқа, республикада билік құрылымдарындағы өз позицияларын нығайтуға, соның ішінде қазіргі билікке қарсы тұруға ұмтылатын халықаралық террористік ұйымдардың әртүрлі топтарының болуы айтарлықтай әсер етті», — деді Кулишов.
Бұл жағдайлар Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарыстың күшеюімен есірткі өндіруге және көршілес елдерге заңсыз тасымалдауға маманданған қылмыстық топтардың әрекетін күшейтуге ықпал етеді, сондай-ақ халықаралық лаңкестердің Орталық Азия аймағы елдері мен Ресейге босқындар ағынымен ену қаупін тудырады, деп қосты Кулишов.
«2021 жылы Ауғанстаннан Орталық Азия аумағының елдеріне тасымалданатын есірткінің көлемі екі есе өсті. Тек Тәжікстан Республикасының өзінде заңсыз айналымнан 3,5 тоннадан астам есірткі тәркіленді, 2020 жылы бұл көрсеткіш 1,7 тонна болды», — деді генерал.
Оның айтуынша, ресейлік шекарашылар тәжік, қырғыз және қазақстандық серіктестермен тығыз ынтымақтастықта, кейбір жағдайларда есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске бағытталған бірлескен профилактикалық және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізеді.